Jump to content

Әмбебап әдеп кодексі/Сұрақ-жауап

From Meta, a Wikimedia project coordination wiki
This page is a translated version of the page Universal Code of Conduct/FAQ and the translation is 98% complete.
Outdated translations are marked like this.
Universal Code of Conduct

Кеңесулер

1. ӘӘК Қозғалыс стратегиясының басқа бастамалары мен кеңесулерімен, мысалы, Қозғалыс жарғысымен қалай байланысты?
ӘӘК – Wikimedia 2030 қауымдастық талқылаулары мен стратегия процесінің аясында туындаған негізгі бастама. Қозғалыс стратегиясы талқылауындағы үшінші ұсыныс қауымдастық ішінде Қауіпсіздік пен инклюзивтікті қамтамасыз ету" болатын, сәйкесінше әдеп кодексін құрастыру сол ұсыныстың ең маңызды бастамасы болып белгіленген еді. Әмбебап әдеп кодексіне қатысты кеңесулермен бір уақытта Қозғалыс жарғысы сияқты Қозғалыс стратегиясының бастамаларына арналған жаһандық әңгімелер жүргізіліп жатты.
2. Қауымдастықтар жергілікті кеңесулерге қандай негізге сүйеніп таңдалды?
Бірінші кезең аясында жергілікті тілдерде кеңесу өткізу үшін қауымдастықтар бірнеше факторға сүйене отырып таңдалды, олардың ішінде өсу қарқыны мен жергілікті әдеп саясаттарының күйі. Бірінші кезең аясында жүргізілген процестер туралы толық ақпаратты мына жерден көріңіз. Жергілікті тілдердегі білікті координаторлардың болуы да практикалық жағынан ойластырылды.
Бірінші кезеңдегідей, екінші кезеңде де қауымдастықтарды таңдағанда түрлі факторларға жүгіндік. Біріншісі – әртүрлі тілдердегі Уикимедиа жобаларындағы жергілікті саясаттардың орындалуын қамтамасыз ету құрылымдары туралы дерек. Орындауды қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі қауымдастықтардың өкілі болатын координаторлар таңдалды, осылайша әр алуан көзқарастар ортаға салынды. Білікті координаторлардың болуы мен кең географиялық аумақты қамту да рөл ойнады.
3. Уикимедиа қоры ӘӘК-нің барлық Уикимедиа жобасы мен кеңістігінде қолданылатыны туралы хабарлады ма?
Иә. ӘӘК Пайдалану шарттарының бөлігі болатындықтан, жекелеген қауымдастықтарға жаһандық саясаттан бас тарту мүмкін болмай қалады. Қолданыстағы жергілікті саясаттар немесе қалыптасқан практикалар ӘӘК-ге қайшы келіп жатса, ондай мәселелер процестің бастапқы кезеңдерінде көтерілуі керек, сол кезде оларды өз уақытында тексеріп, шешуге болады. 2021 жылғы 2 ақпандағы мәліметке сәйкес, Қамқоршылар кеңесі ӘӘК-ні ресми түрде Уикимедиа қозғалысының барлық жобасы мен шарасында қолданылатын саясат ретінде мақұлдады. Осы қолдану аймағы бірінші кезеңдегі саясатты дайындау үшін кеңесу сатысынан бері анық көрсетілді және ол туралы meta-wiki сайтында, wikimedia-l құралында, сондай-ақ көптеген жеке жобаларда жарияланды. Шағын және орташа уики жобаларға жарияланған хабарландырулар тізімін осы беттен көре аласыз. Үлкендеу уики жобалардағы кеңесу туралы мәліметтер мына жерде берілген.

Аударма

4. ӘӘК мен оған қосымша құжаттарды барлық тілде оқи аламыз ба?
ӘӘК жобасының ұжымы барлық негізгі құжаттама мен хабарландыруларды агенттік жалдау мен еріктілердің үлесі арқылы барынша көп тілге аударуға күш салады. Мұндай үлкен күш біраз уақыт алады, оны тек бір өзіміз істей алмаймыз. Материалдарды аударғысы келетін немесе тізімде жоқ жаңа тілде аудармалар ұсынғысы келетін еріктілердің ucocproject(_AT_)wikimedia.org мекенжайына хабарласуын сұраймыз. Бүкіл материалды барлық тілге аудару мүмкін болмаса да, ӘӘК процесіне әртүрлі тілде сөйлейтін барынша көп адамды қатыстыруды мақсат қылып отырмыз.
5. Аудармада сәйкессіздік немесе қарама-қайшылық болып жатса, қай тілдегі нұсқа ресми болып саналады?
ӘӘК ұжымы ӘӘК саясатының, орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулық пен оған қатысты беттердің барынша көп тілдегі аудармасын жариялауға бар күшін салып келеді. Алайда аудармалар жүз пайыз ойдағыдай бола бермейді. Әдетте біз аудармаларды орындау үшін бірнеше стратегияны (агенттікке төлеу, еріктілер мен қор қызметкерлерін тарттыру арқылы және т.б.), ал дәлдікке келгенде олардың әрқайсысының өз қиындығы болады. Қауымдастықтардан сәйкессіздіктерді анықтап, түзетуге көмектесуді, сондай-ақ оларды жөндеуге уақыт кететініне түсіністікпен қарауын сұраймыз. Бұл процесс аяқталғанша, ағылшын тіліндегі нұсқа ресми нұсқа болады.

Орындауды қамтамасыз ету

6. ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету бойынша қандай жоспарлар бар, мысалы, оған кім жауапты?
Қордағы Қамқоршылар кеңесінің (Кеңес) директиваларында көрсетілгендей, орындауды қамтамасыз ету – жобаның екінші кезеңіндегі басты назардағы құжат, ол жоба Кеңес ӘӘК-нің соңғы нобайын мақұлдап, ол туралы 2021 жылғы 2 ақпанда хабарлағаннан кейін басталған болатын. Яғни, ӘӘК-нің жергілікті деңгейде қалай қолданылатыны және оның орындалуы қалай қамтамасыз етілетінін Уикимедиа қауымдастықтары шешеді. Барлық қатысы бар тарапты талқылауға белсенді түрде қатысып, қолданыстағы қауымдастық практикаларымен, саясаттарымен және процедураларымен үйлесімдікті іздеуге шақырамыз. Соңғы айта кететін жайт: ӘӘК мен оның орындалуын қамтамасыз ету стратегиялары бүкіл қозғалыс бойынша негіз (іргетас) қызметін атқаруға арналған. Осы аталып өткен шаралардан бөлек, жекелеген жоба қауымдастықтары өз әдеп кодекстерін дамыта бергені жөн.
7. ӘӘК-ні бұзу жайттары шынайы өмірде, мысалы, Уикимедиа қорында немесе Уикимедиамен серіктес ұйымдардың іс-шараларында (ол жерде Достық кеңістік саясатының да күші бар) қалай шешілмек? Қай саясаттың күші басым болмақ?
ӘӘК нұсқаулықтың ең минимал жинағын ұсынатындықтан, алдымен жергілікті саясаттарға жүгініп, қолданылуы керек жерде соған сәйкес әрекет ету керек. Осы шарт кез келген Уикимедиа жобасына да, іс-шараларға да қатысты. ӘӘК жергілікті саясаттар мен орындауды қамтамасыз ету механизмдері қаралып жатқан мәселені шешуге жеткіліксіз болғанда ғана жүгінуге арналған.
8. ӘӘК-ні бұзу жайттарын құпия түрде хабарлау Уикимедиа қозғалысының еркіндік және ашықтық мәдениетіне (мысалы, бет тарихын кез келген адам көреді) қайшы келмей ме?
Қазірдің өзінде бірнеше себептерге байланысты құпия түрде хабарлар жіберіліп жатыр: мысалы, жеке деректерді жария қылуды талап ету мен қысым жасау, қорқыту немесе жарақаттау не басқа да ыңғайсыз мәселелер. Мұндай хабарлар тұрақты түрде Trust and Safety мен Құқықтық ұжымға, стюардтарға, checkuser құқығы бар қатысушыларға, ревизорларға, арбитраждық комитеттерге және басқа да функционерлерге келіп тұрады. Қатысушылардың басым бөлігі басыну (харасмент) оқиғалары туралы қоғамдық жерлерде хабарлауды құп көрмеді, өйткені мұндай әрекет өшпенділікті одан әрі көбейтеді деген қорқыныш болды. Екінші кезеңдегі ескеретін маңызды мәселе харасмент құрбандарын қорғау міндеті мен ашықтық арасындағы балансты сақтау қажеттілігі болды.
9. ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларға Уикимедиа қоры қандай қолдау көрсетпек?
Қор ӘӘК-ні жетілдірудің барлық сатысында (саясатты әзірлеуде, орындалуын қамтамасыз етуге қатысты кеңестерде, қолдану бағыттарының дұрыс істейтініне көз жеткізу кезінде) оған қолдау көрсетуді өзіне міндет етті. Қазірдің өзінде ӘӘК-нің ойдағыдай іске қосылуына көмектесетін қадамдар жасалып жатыр. Бұл қадамдарға ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз етуге жауапты деген адамдарға қолдау көрсету кіреді. Мысалы, Қордың қауымдастықтарды дамыту ұжымы онлайн оқытудың пилоттық бағдарламаларын іске қосты. Екінші кезеңдегі кеңесулер арқылы қауымдастықтың қажеттіліктерін жақсырақ түсінген сайын қандай қолдау түріне басымдық беру керектігін дұрыстап түсінетін боламыз.

Мерзімді түрде тексеріп тұру

10. ӘӘК толық жасалып болған соң, мерзімді түрде тексеріліп, өзгертіліп тұра ма? Егер солай болса, оған кім жауапты болмақ?
Иә. Қордың құқық бөлімі орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулық ратификацияланып болғаннан кейін бір жылдан соң ӘӘК мен оның орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулықты қайта тексереді. Одан кейінгі тексерістерді Қозғалыс стратегиясы процесінде ұсынылған құрылымдарға ұқсас, құрылып келе жатқан басқарушы құрылымдар жүргізуі мүмкін.
11. Алдағы уақытта саясаттарды шұғыл түрде өзгерту керек болып жатса, оларды кім тексереді?
Қордың басқа да саясаттары сияқты шұғыл өзгеріс енгізу туралы сұрауды Қордың құқық бөліміне жіберуге болады. Құқық бөлімі бұған дейін қауымдастық бастаған түзетулерге қатысты талқылаулар (мысалы, 2014 жылғы Пайдалану шарттары/Төлем алу арқылы үлес қосуға қатысты түзетулер) жүргізген болатын, сәйкесінше мұндай жағдайларда әрекет етуге қатысты өз жүйесі мен процесі бар.

Жергілікті саясаттармен қарама-қайшылық

12. Жергілікті саясаттар ӘӘК-ге қарама-қайшы болып шықса, не болады?
Кеңес ӘӘК-ні қабылдағаннан кейін Уикимедиадағы барлық қауымдастыққа өздерінің қолданыстағы саясаттарына/ережелеріне қарап, олардың ӘӘК-ге сай келетінін тексеру ұсынылады. Қаласа, қауымдастықтар ӘӘК-ден де әрі қарай жылжып, одан да күрделі саясаттар жасай алады, тек олар ӘӘК орнатқан ең қарапайым стандарттан төмен болмаса болғаны. Қажет болса, қауымдастықтар мен Қор бірігіп, саясаттарды үйлесімді қылу үшін бірге жұмыс істей алады. Қор мұндайда жоба аяқталғанша көмектесе алады.
13. ӘӘК бұрыннан өзінің жергілікті саясаттары мен нұсқаулықтары бар жобаларға да қолданыла ма?
ӘӘК бүкіл қозғалыс аясында ең қарапайым әдеп стандарттарын орнатуды мақсат етеді. Саясаттары/ережелері жақсы жасалған жобалар әдетте ӘӘК талаптарына сай немесе одан асып түседі, сондықтан жаһандық саясатты ұстану үшін оларға жалпы алғанда жергілікті саясаттарды өзгерту қажет болмайды.
14. Әр Уикимедиа жобасында өз қатысушылары қажетіне сай жазып қойған өз әдеп нұсқаулықтары мен саясаттары бар. ӘӘК сол нұсқаулықтар мен саясаттарды өзгерте ме?
ӘӘК-нің мақсаты қолданыстағы әрі өзінің тиімділігін дәлелдеген әдеп стандарттарын алмастыру емес. Қайта ӘӘК барлық жоба, соның ішінде тек бір-екі әдеп стандарты бар немесе мүлдем стандарты жоқ жобалар үшін негізгі қарапайым стандарт қызметін атқармақ. Қауымдастықтар ӘӘК-ні жергілікті мәдениетке жақын ережелерді жасау немесе қолданыстағы нұсқаулықтарды өзгерту үшін пайдалана алады.
15. ӘӘК қауымдастығымыздың қажеттерін 100% қанағаттандырмаса ше?
Әлбетте, ӘӘК барлық қауымдастықтың қажеттіліктерін өтемейді. Сондай-ақ алдағы уақытта ӘӘК-нің жетілдірілу ықтималдығы жоғары. Қауымдастықтар өз саясаттарын оған қосымша ретінде құрастырғандары жөн. Мысалы, ӘӘК-де былай деп тұруы мүмкін: "Жеке өңдеуші (редактор) ретінде емес, бүкіл Уикимедиа қауымдастығына жақсы болатын нәрсеге көңіл бөлуіңіз керек". Мұның мағынасы өте кең. Көптеген Уикимедиа жобасында қазірдің өзінде осындай мәселелерді шешу жөнінде толығырақ сипатталған саясаттар (мысалы, Мүдделер қақтығысы) бар. Егер жобаңызда мұндай саясат болмаса, ӘӘК-дегі осындай сөйлем осы тақырыпта туындайтын кез келген қақтығысты шешуге негізгі ереже болмақ. Алайда ӘӘК осы не басқа да тақырыптарда толық сипатталған саясаттар жасауды еске салушы қызметін де атқара алады.
16. ӘӘК қалайша барлық мәдени контекске сыймақ?
ӘӘК барлық мәдени контекске сыймауы мүмкін, дегенмен редакторлар оны барынша инклюзивтік құжат қылуға бар күшін салды. ӘӘК ұжымы мәдениеті әртүрлі қауымдастықтармен хабарласып, олардың пікірін сұрастырды. Редакциялық комитет құжат нобайын жасағанда сол пікірлерді ескерді. Егер құжаттан мәдениетке қатысты ескерілмей қалған жерлерді байқасаңыз, ол туралы Әмбебап әдеп кодексінің негізгі талқылау бетінде хабарлаңыз. Сіз көтерген мәселелер бірінші немесе одан кейінгі редакцияға қосылуы мүмкін.

Пайдалану шарттарымен бірдей болуы

17. Пайдалану шарттарының 4-бөлімі "Кейбір әрекеттерді істемеу" сияқты әдеп саясаттарын қамтиды, олай болса ӘӘК бізге әлі де керек пе?
Пайдалану шарттарының 4-бөлімі авторлық құқықты бұзу мен төлем алу арқылы үлес қосу сияқты контент нұсқаулығымен бірге кейбір әдеп нұсқаулығын қамтиды. Алайда бұл тізім бәрін қамтымайды. Әмбебап әдеп кодексі қауымдастықтарға әдепке қатысты талаптарды толығырақ қарастыра отырып, Пайдалану шарттарының 4-бөлімін қолдануға көмектесуді мақсат етеді.
18. Неге жаңа ӘӘК-ні құрастырып жатырмыз? Одан да Пайдалану шарттарының 4-бөлімін жаңадан жаза салмаймыз ба?
Оқуға ыңғайлы әрі қысқа болуы үшін, Пайдалану шарттарындағы кейбір ақпарат басқа құжаттарға бөлінеді. Мысалы, Лицензиялау саясаты мен Ортаққордағы Лицензиялау саясаты сілтеме ретінде көрсетілген. Пайдалану шарттарына келісе отырып, сол құжаттарға да келісесіз. Әмбебап әдеп кодексінің бөлек құжат болып жасалуы оның керек кезде толық сипатталған құжат болуына мүмкіндік береді. Қозғалыс аясында өзгерткіміз келгенде, оны жаңартып отыруымыз да оңай болады.

Уикимедиа қорының араласуы

19. Уикимедиа қоры бұл саясатқа неге араласады?
Қамқоршылар кеңесі Уикимедиа қорынан процеске қолдау көрсетуді сұрады. Қауымдастық мүшелерінің қозғалыс стратегиясы процесінде берген ұсынысына сәйкес, еріктілер мен Уикимедиа қоры қызметкерлерінің бірлескен құрамынан тұратын комитет ӘӘК-ні жазды.
20. Әлдекім ӘӘК-ні бұзса, Уикимедиа қоры тарапынан "іс жүзінде" қандай әрекет болады?
ӘӘК-ні бұзу жағдайларының көбін Уикимедиа қоры қарастырмайды. Оларды жергілікті қауымдастықтар немесе жаһандық функционерлер шешеді. Пайдалану шарттарын бұзу жайттары да сондай жолмен шешіледі. Орындауды қамтамасыз ету жайлы нақты мәлімет Орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулықты ратификациялаудан кейін анықталады.
21. ӘӘК дауысқа салына ма?
ӘӘК-нің басты мәтінін Қамқоршылар кеңесі 2021 жылғы ақпанда ратификациялады және ол қазіргі кездегі қолданыстағы саясат болып саналады. ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулық 2022 жылғы ратификациялау процесіненөтеді, онда 2021 жылғы сәуірде Уикимедиа жобасы арбитрлерінің Қамқоршылар кеңесіне хатында айтылған осындай процеске деген сұрау көрсетіледі.

Іске асыру

22. Орындауды қамтамасыз ету туралы нұсқаулық неден тұрады?
ӘӘК-нің орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулық алдын алу жұмыстары (әсіресе Әмбебап әдеп кодексін насихаттау, Әмбебап әдеп кодексін оқытуды ұсыну) мен жауап қату жұмыстарынан (бұзушылықтарды рәсімдеудің толық сипаттамасын беру, хабарланған бұзушылықтарды қарастыру, хабарланған бұзушылықтарды қарастыруға қажет ресурстарды ұсыну, бұзушылықтар болған жағдайда, оларға қатысты шаралардың орындалуын қамтамасыз ету…) тұрады. Олар қауымдастық мүшелеріне баршаға ең қауіпсіз орта ұсынатын әділ әрі тең құқықтық процестермен бірге қолайлы жұмыс істеуіне көмектесуге арналған.
23. Нұсқаулық өзгерген сайын қаншалықты жиі жаңартылып тұрады?
Саясаттың да, нұсқаулықтың да мәтіні мерзімді түрде тексеріліп тұрады, соның ішінде іске асырылған жылы да.
24. ӘӘК-нің орындалуын кім қадағалап отырады?
Әмбебап әдеп кодексін үйлестіру комитеті U4C деген атпен белгілі. U4C ӘӘК ережелерінің бұзылуы туралы есептерді бақылайды, сондай-ақ қосымша тергеу жұмыстарына араласып, керек жерде шара қолдануы мүмкін. U4C кодекстің орындалуын қамтамасыз ету күйін бақылап, бағалап тұрады, Уикимедиа қоры мен қауымдастыққа ӘӘК-ге өзгеріс енгізуге қатысты жарамды ұсыныс беру арқылы оны қарастыруын сұрауы мүмкін. Керек кезде, U4C Уикимедиа қорына істерді шешуге көмектеседі. U4C ӘӘК-ні өзгерте алмайды, Уикимедиа қоры мен аффилиаттар арасындағы келіспеушіліктерді реттей алмайды, ӘӘК-ні айналып өтетін немесе елемейтін ережелер жасай алмайды немесе ӘӘК-ге не оның орындалуын қамтамасыз ету туралы нұсқаулыққа қатысы жоқ кез келген сұрақтар бойынша әрекет ете алмайды.
25. U4C арбитраждық комитеттер сияқты басқа шешім шығарушы органдармен қалай әрекеттеседі?
U4C шешім қабылдаушы жоғары органы жоқ жерлерде (мысалы, арбитраждық комитеті немесе оған ұқсас процесі жоқ қауымдастықтарда) соңғы шешім қабылдаушы орган қызметін атқаруға немесе шешім қабылдаушы жоғары органдар істі әрі қарай жөнелтетін орын қызметін атқаруға арналған. U4C сондай-ақ қолданыстағы орындауды қамтамасыз ету құрылымдары шеш алмайтын жүйелі түрде орын алатын ауыр істер бойынша шешім қабылдаушы орган ретінде де қызмет етеді.
26. U4C қалай құрылмақ?
Редакциялық комитет U4C үйлестіру комитетін құруды қолдап шықты. U4C үйлестіру комитеті Уикимедиа қорымен бірге U4C құру процесі бойынша жұмыс істейтін қауымдастық мүшелерінен тұратын болады.